Төртқұдық ауылынан Екібастұз қаласына бағыт алған жедел жәрдем көлігі Шідерті кентінен 20 шақырым жерде республикалық тасжолда қарға батып қалған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖ департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Екібастұз өңірінің құтқарушылар пультіне бүгін түні сағат 04:00 шамасында 40 апта жүктілік мерзіміндегі әйелді әкеле жатқан жедел жәрдем көлігінің қарға батып қалғандығы туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына көмек көрсету үшін жедел түрде "Трэкол" жол талғамайтын көлік құралымен 2 құтқарушысы бар жедел құтқару жасағының кезекші ауысымы жіберілген. Сондай-ақ екінші жедел жәрдем көлігі де жолға шыққан. Алайда ол қаладан 15 шақырым шыққан соң қарға малтығып қалып, тоқтаған.
"Құтқарушылар 2 медициналық қызметкер мен жолда тұрып қалған автокөліктен екі адамды, яғни, босанатын әйелді жұбайымен бірге қар құрсауынан алып шықты. Жедел-құтқару жасағы сағат 06:36-да Екібастұз қаласынан 15 шақырым жерде орналасқан емдеу мекемесіне тасымалдау үшін күтіп тұрған жедел жәрдем көлігіне жолаушыларды алып барды. Құтқарушылардың жедел іс-әрекетінің арқасында босанатын әйел дер кезінде ауруханаға жетті",– делінген хабарламада.