Өткен жылы Павлодар облысында 46 отбасыға экстракорпоральдық ұрықтандыру жасауға квота бөлінген болатын. Биыл "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша 290 квота қарастырылып отыр.
Өкінішке қарай, медициналық куәландаруға сәйкес, аймақта тұратын 2400-ге жуық отбасы балалы бола алмайды. Олардың 859-ы ЭКО жасау үшін кезекке тұрды. Осылайша, 18 бен 42 жас аралығындағы әйелдердің ана бақытына бөленуіне жағдай жасалды. Бұған дейін 35 жасқа дейін ғана жасанды ұрықтандырудың көмегіне жүгінуге рұқсат берілетін еді.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлімінің басшысы Гүлнар Жармакинаның айтуынша, құны 900 мың теңгеден басталып, 1 млн 200 мың теңгеге дейін жететін процедура медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады.
"Ерлі-зайыптылар тексерістерді де тегін өтеді. Іріктеудің бірінші кезеңінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына қажетті құжаттарды ұсынады. Екінші кезеңде ЭКО жасайтын орталықтар іріктейді. Кейін комиссияның шешімі шығарылып, біз порталға қоямыз", - дейді Гүлнар Жармакина.
Квотаға ие болу үшін ерлі-зайыптылардың Қазақстан Республикасының азаматтығы мен медициналық сақтандырылуы болуы тиіс. Осы жылдан бастап заңды некеде тұру міндетті емес. Десе де, болашақ ата-аналар балаларды өсіріп, тәрбиелейтіні туралы қолхат жазуы қажет.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында репродукция орталығы жоқ. Сондықтан квотаға ие болған отбасылар еліміздегі 25 орталықтың бірінде тиісті шараларды жасайды.
Айта кетелік, соңғы 11 жылда аймақта 168 бала жасанды ұрықтандыру әдісімен өмірге келді. Бұл әдістің тиімділігі 43%-ды құрап отыр. Яғни, ЭКО жасаған 10 келіншектің үш-төртеуіне ана атану бақыты бұйырды.
Ажар Дәулетова