Экология министрі: Киік атудан бас тартқанымыз жоқ

443

Елімізде 4 миллиондай киік бар. 

Экология министрі: Киік атудан бас тартқанымыз жоқ Фото: gov.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киіктердің санын реттеу мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Киіктің орта есеппен алғанда ғұмырының ұзақтығы бар-жоғы 4-5 жыл. Ең көп өмір сүру мерзімі – 8-10 жыл. Әр жылы қыс кезінде ауру себебінен киіктердің біразы өледі. Бүгінге дейін табылған өлекселердің саны 21 400-дің маңайында. Бұл жалпы Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Ұлытау, Қарағанды облыстарын есепке алғандағы көрсеткіш. Өлекселердің ең көп саны, яғни 15 мыңға жуығы Ұлытау облысынан табылған. Тиісті ветеринарлық қызметтер сынамалар алды, ешқандай қауіпті аурудың бары анықталған жоқ", - деді министр тілшілердің сауалына берген жауабында.

Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, қазір 4 миллиондай киік бар.

Журналистер "Киікті атудан бас тарттыңыздар ма?" деп нақтылады.

"Киік атудан бас тартқанымыз жоқ. Әзірше Президенттің берген тапсырмасы бойынша тұрмыз. Бірақ бізге ғылыми негіздеме керек. Онсыз еш іс-қимыл жасай алмаймыз. Келесі аптада белгілі болады", - деді Экология және табиғи ресурстар министрі.

Айта кету керек, осыған дейін  киік санын реттеудің екі жолы бар екенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу