Экология министрі Қырғызстаннан келетін суды тоқтату туралы: "Оларда су жоқ"

946

Экология министрі бұған қатысты түсініктеме берді. 

Экология министрі Қырғызстаннан келетін суды тоқтату туралы: "Оларда су жоқ" Фото: Gazeta.uz

Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова Қырғыз Республикасында орналасқан Киров және Орто-Токой су қоймаларындағы су ресурстары таусылғанын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz.

Жамбыл облысы шаруашылық кезеңде су ресурстары бойынша 85% Қырғыз Республикасына тәуелді. Облыстағы 10 ауданның бесеуі Шу және Талас трансшекаралық өзендерінің суын пайдаланады. Шілде айында Қазақстан тарапы Жамбыл облысындағы халықты суымен қамтамасыз етудегі күрделі жағдай туралы хабарлап, Киров су қоймасынан берілетін суды секундына 45 текше метрге дейін ұлғайту туралы өтінішпен Қырғызстанға жүгінген болатын. 

Алайда екінші тарап 1 тамызға дейін Қазақстанның лимиті небәрі 3,54 млн текше метрді құрайтынын, ал 4 тамызға қарай су таусылатынын мәлімдеді. Тараптар кездесуінде хаттамаға қол қойылып, оған сәйкес тамыз айының 10-ынан бастап Қазақстанға су берілмей келеді.

Экология министрі жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Қырғыз Республикасымен бірлесіп су беру кестесін жасадық. Кесте аясында су шаруашылығының жағдайын ескере отырып берілді. Бүгінгі таңда Киров және Орто- Токой су қоймаларында ресурс таусылды. Мәселе судың тоқтатылғанында емес. Оларда су жоқ", – деді Зульфия Сүлейменова.

Оның айтуынша, суды ішкі бөлуде де мәселе бар.

"Өкінішке орай, біз, мысалы, Тасөткел магистральдық каналының бойында 200-ден астам заңсыз сорғыларды анықтадық. Бүгінде су ұрлануда. Соның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында да. Біз бұл мәселемен прокуратурамен бірлесіп айналысып жатқанымызды айтуға мәжбүрміз. Барлығын тең және әділ қамтамасыз ету үшін аумақтан рұқсатсыз суды бұруға жол бермеу керек", – деді Экология министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу