Мұны орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын арттырудың шегі деп қарастырмау керек. Бұл туралы Үкімет кулуарында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтты.
"1 шілдеден бастап орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 100 пайызға өседі. Бұл жалақыны арттырудың шегі деп есептемейміз. Орманшылардың мәртебесі мен материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілуін арттыру керек", - деді ведомство басшысы тілшілердің сауалына берген жауабында.
Министр 16 мамыр күні өткен Үкімет отырысында өрт қауіпті кезеңде табиғатты қорғау мекемелерінде орташа дайындық байқалатынын айтқанын еске салды.
"Оған материалдық-техникалық базаның төмен болуы себеп. Бұл ретте баяндамамда жекелеген ұлттық парктер мен резерваттардың материалды-техникалық жабдықталу деңгейі норманың шамамен 20 пайызын құрайтынын көрсеттім. Материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қаржы бөлінді. Абай облысында болған жағдайдың материалдық-техникалық базаның төмен болуымен де байланысы бар. Техниканың басым бөлігі есептен шығаруға жатады. Бүгінгі таңда республикалық бюджеттен каржы бөлінді", - деді ол.
Тілшілер министрден "Абай облысындағы орман өртінен кейін қоғамда қызметіңіз туралы сын көп айтылды. Отставкаға кетуге дайынсыз ба?" деп сұрады.
"Бас прокуратура Абай облысындағы жағдайға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Соның аясында тиісті сұрақтар туындаған жағдайда, жауап беруге әзірмін", - деп қысқа қайырды ол.