Экология министрлігі Атырау мұнай өңдеу зауытына тексеру жүргізбек

1645

Атырау ауасының неден ластанып жатқаны белгілі болды.

Экология министрлігі Атырау мұнай өңдеу зауытына тексеру жүргізбек

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі атыраулықтардың ауаның шектен тыс ластанғаны туралы шағымына жауап берді. Экологиялық реуттеу комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасовтың айтуынша, атмосфераның ластануына "Су арнасы" компаниясының қалдық суды бейберекет ағызуы, Атырау мұнай өңдеу зауытының өндіріс қалдығын талапқа сай шығармауы себеп болып отыр.  

"Экология министрлігі қабылдаған шаралардан кейін сот арқылы "Су Арнасы" компаниясының жұмысы тоқтатылды. Атырау МӨЗ жоспарлы жөндеуге кірісті. Бұл мәселені шешу үшін облыстық жергілікті әкімдік тазарту нысандарын салуға миллиардтаған қаржы бөлмекші.  Бірақ ол жобаның іске асуы баяу жүріп жатыр", –деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.  

Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, ведомство Атырау МӨЗ-ін тексеруге кірісіпті. 

"Жергілікті әкімдік "ҚазМұнайГазбен" бірлесіп қаладағы төгінді жинақтағыштарды қалпына келтіруі керек. Қалада "Тухлая балка" атты тұрмыстық қалдықтарды буландыру нысаны бар.Оған  "Су Арнасы" компаниясынан 80%, мұнай өңдеу зауытынан зауытынан 20% қоқыс түседі. Нысанға төгінділер тазартылмай жиналады. Салдарынан 1000 га аумаққа күкіртсутек жайылады. Бұл иіс әсіресе қалада жел болмаған кезде және күн ысығанда қатты сезіледі. Сот арқылы біз "Су Арнасы" компаниясының жұмысын тоқтаттық", - дейді Зұлфыхар Жолдасов.
Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында  жоспарлы жөндеу басталғандықтан, жұмыс уақытша тоқтап тұр. Министрлік сонда да жанама шығарындыларды анықтау үшін тексеру жүргізбек. 

"Компания қалдық тазарту нысанын салып, өндірісті ағын су көздерінен оқшаулауға міндет алғанымен, ол жұмысты баяу атқаруда. Сондықтан әкімдікке де, коммуналдық қызметке де, "ҚазМұнайГазға" да шара қолданатын боламыз", –дейді Зұлфыхар Жолдасов.

Бұған дейін Атырау тұрғыны Тәуірбек Жұмабергенұлы Facebook арқылы шулы жазба жариялаған болатын. Осыдан кейін Атырау облысының Экология департаменті ауа сапасын бақылау стансасының мәліметтеріне талдау жасаған. Станса мамандары атмосферадағы күкіртсутектің рұқсат етілген шектен асып кеткенін растады. 

"Атырау мұнай өңдеу зауытына" тексеру тағайындалды. Тексеру нәтижесі туралы қосымша хабарланады", – деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу