Экология министрлігінің бастамасымен "Балаларға экологиялық білім беру" тақырыбында онлайн конференция өтті. Конференцияға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те қатысып, пікір білдірді. Аймағамбетовтың айтуынша, экологиялық білім беру кезек күттірмейтін мәселенің бірі.
"Қоғамның бұған белсене араласуы мұны кезекті рет айшықтап отыр. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындауымыз керек. Қоғам тарапынан ұсыныстар көп түсуде. Оның барлығы ескеріледі", – деген министр, дәл алдағы күзде оқу бағдарламасына экология пәнін енгізу көзделіп отырмағанын жеткізді.
"Қалай болса да, асығыс бірінші қыркүйекке дейін дайын болсақ та, болмасақ та сабақты енгізейік деген мәселе алдымызда тұрған жоқ. Ең бірінші кезекте осыны айтқым келеді. Біз берілетін білімнің мазмұнын, баланың жас ерекшелігіне сәйкес келетіндігін, әдістемесін жан жақтан бірге қарастырып, ұйымдастырамыз. Көп мәселе ойын арқылы, тәжірибе арқылы, қолмен жасап шығару арқылы, олимпиадалар арқылы жүргізілуі керек. Бала тек қана құлағымен естіп қана қоймай, қолымен жасап, іс әрекетпен осы жұмысқа қатысса, сонда ғана жақсы нәтижеге жетуге болады",– деді Асхат Аймағамбетов.