Эко-белсенділер еріктілермен бірлесіп, түрлі эко-акциялар, конкурстар мен сенбіліктерді ұйымдастыруда.
"Қазіргі уақытта гранттық қаржыландыру аясында біз экологиялық бағытта 2 үлкен жобаны іске асырып жатырмыз. Биыл бұл бағыттағы жобалардың шеңберінде ҮЕҰ-дан 19 өтінім келіп түсті. Бұл басқа тақырыптарға түскен өтінімдер санына қарағанда үш есе артық. Мұндай үрдіс, сондай-ақ біздің қоғамда экологиялық білімнің жоғары сұранысқа ие екендігін көрсетеді. Эко-бағыттағы жобалар барлық қазақстандықтардың болашағына әсер етпей қоймайды", – дейді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Жобаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның Экологиялық қоры жастар арасында бейнероликтер байқауының басталғанын хабарлады. Байқаудың мақсаты-табиғатқа деген қамқорлықты қалыптастыру.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға "Мен суды қалай үнемдеймін", "Қоқысқа екінші өмір сыйлайық", "Менің аулам – ең таза аула" тақырыптарына бейнероликтер түсірген мектеп оқушылары немесе студенттер қатыса алады.
Сондай-ақ қоғам белсенділері экологиялық акциялар мен сенбіліктерді, аумақтарды тазалауға, абаттандыруға бағытталған басқа да іс-шараларды өткізбек. Көктемде елордада еліміздің маңызды оқиғаларына орайластырылған атаулы ағаштар отырғызуға бағытталған "Жасыл челлендж" ұйымдастырылды.
Акцияны Нұр-Сұлтан, Маңғыстау, Түркістан, Павлодар облыстарының мектептері қолдады.
"Бүгінгі таңда қоғамда экологиялық тәрбие мен мәдениетті ерте жастан дамыту керек деген ұстаным бар. Егер біз балаларға эко-мәдениетті жастайынан сіңіретін болсақ, болашақта олардың экологиялық сауаты жоғары болады. Мұнымен қоса, жастардың экологиялық білім деңгейін арттыру бағытында кешенді шаралар жүргізілуі тиіс", – дейді жоба жетекшісі Айгүл Абдуалиева.
Ұйымдастырушының айтуына қарағанда, барлық экологиялық акцияларға еріктілер тарталатын болады. Олардың арасында оқушылар да, қазақстандық колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері де бар.