Астанада экологиялық айлық аясында 10 777 көшет отырғызылды, деп хабарлады елорда әкімдігі.
Көктемгі экологиялық айлыққа 150 мыңнан аса қала тұрғыны, 4622 кәсіпорын, ұйым мен мекеме, соның ішінде 44 жоғары және орта арнайы оқу орны, 146 мектепке дейінгі және жарпы білім беру мекемесі, 74 денсаулық сақтау мекемесі, 161 мемлекеттік мекеме, ведомство мен ұлттық компаниялар қатысты. Сонымен қатар, 210 дана тиегіш пен 387 дана жүк көлігі, барлығы 425 аса автомашина мен басқа да мамандандырылған техника тартылды.
Сонымен әкімдіктің мәліметі бойынша, сенбілік аясында жалпы ауданы 3 545 050 м2 саябақ пен парк аумағы жиналды, 10 777 көшет (қызыл тал, татарлық үйеңкі, қарағай, қайың, емен, пирамидалық терек, шетен) отырғызылды.
Бұдан басқа, еріктілер мен қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, өзендердің арнасын санитарлық тазартуды қамтамасыз ету мақсатында Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінде экологиялық шаралар ұйымдастырылды.
Сенбілік барысында 2 559,68 тонна қоқыс жиналып, полигонға шығарылды.