Экологтар NCOC жобасын сынға алды: Каспий теңізінің түбін тереңдету экожүйеге қауіпті

199

Дамбы ауылында NCOC компаниясы жүргізіп жатқан Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігінде түбін тереңдету жұмыстарына арналған қоғамдық тыңдау өтті.  

Экологтар NCOC жобасын сынға алды: Каспий теңізінің түбін тереңдету экожүйеге қауіпті Фото: lada.kz / azh.kz

Компания бұл жұмыстардың теңіз ортасына елеусіз әсер ететінін мәлімдегенімен, экологтар мен қоғам белсенділері жобаны қолдамайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Save the Caspian Sea қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, "Глобус" экологиялық-құқықтық бастама орталығының атқарушы директоры Галина Чернова бұл жұмыстар Каспийдің осал экожүйесіне ауқымды қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.

"Компания шу мен жарықтың әсері аз екенін айтады. Бірақ ғылыми зерттеулер басқаша көрсетеді: 140 децибелден жоғары шу балықтардың бағдарын бұзады, ал жасанды жарық зоопланктонның биологиялық ырғақтарын өзгертіп, қоректік тізбекке кері әсер етеді", – деді Галина Чернова.

Экологтар бекіре балықтарының тағдырына алаңдаулы. Компания есебінде олар бұл аймақта сирек кездесетін түр ретінде көрсетілсе де, мамандар бір ғана бекіренің пайда болуының өзі аймақты экологиялық тұрғыдан қауіпті ететінін айтуда.

Сонымен қатар, бұған дейін бір реттік деп жарияланған жұмыстардың қайта басталуына сын айтылды. 2021-2022 жылдардағы тыңдауларда экологтар Каспийдің жедел тайыздану қаупі туралы ескерткен болатын. Алайда компания бұл тәуекелді 1% ғана деп бағалаған. Бүгінде мамандар бұл есептеудің қате екеніне анық көз жеткізді.

"Тәуекелдерді ресми математикалық модельдермен емес, нақты ғылыми деректер мен ұзақ мерзімді бақылаулар негізінде бағалау керек", – деді Галина Чернова.

Кездесу қорытындысында тыңдаушылар тәуелсіз экологиялық аудит жүргізілмейінше және Атырау тұрғындары ашық әрі негізделген қорытынды алмайынша жобаны қолдаудан бас тартуға шақырды.

Ал компания өкілдері "Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі мен NCOC компаниясы теңіз нысандары орналасқан аймақтың тайыздануы Қашаған кен орнындағы кеме қатынасын едәуір шектейді", – деп алаңдаулы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу