Алматы облысында коммуналдық қызметтердің қатып қалған құбырларды шиналарды өртеу арқылы жылытпақ болған әрекетіне ресми тексеріс жүргізіледі. Бірақ ол үшін видео авторынан ресми арыз түсуі керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құбырлардың жанында будақтаған қою түтін туралы видео әлеуметтік желіде таралған болатын.
Алматы облысы Талғар ауданы Бесқайнар ауылының коммуналдық қызметтері қатып қалған су құбырын осылайша жібітуге мәжбүр болған. Жергілікті тұрғындар болса, қою түтінге шағымданды.
"Осы ақпараттан соң "Талғар Су" МКК қызметкерлері оқиға орнына шықты. Олар көлік шиналарын өртеуді тоқтатып, салдарын жоюды талап етті. Алматы облыстық Экология департаменті ресми тексеру жүргізіп, оның нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылдауға мүдделі. Тек ол үшін видео авторы департаментке ресми шағым түсіруі керек. Тексеріс нәтижесі туралы қосымша хабарланады", - деді ҚР Экология министрлігінен.