Қырғызстан президенті Садыр Жапаров АҚШ пен Ұлыбританияның кейбір қырғыз банктеріне салған санкцияларына қатысты пікір білдірді. Ол Ақ үй басшысы Дональд Трамп пен Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармерге маңызды үндеу тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "Кабар" агенттігіне сілтеме жасап.
Жақында Ұлыбритания Capital Bank, сондай-ақ Grinex және Meer криптовалюта биржаларына және A7A5 рубльдік токенінің инфрақұрылымына санкциялар енгізді. Бұған дейін, қаңтар айында АҚШ Қырғызстанның "Керемет Банкіне" де санкция салған болатын.
Садыр Жапаров АҚШ пен Ұлыбританияның әрекеттерінің артында саяси астар жатыр деп санайды.
"Америка "Керемет Банкке" санкция салса, Англия да "Капитал Банкке" санкция салып отыр. Бірақ тағы да ешқандай нақты дәлел жоқ. Сондықтан менің де күмәнім бар. Себебі олар біздің экономикамыздың жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын көріп отыр. Мысалы, жалпы ішкі өнім 11,7 пайызға өсті, бұл – ТМД елдері арасындағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы себепті бізге қысым көрсетіліп жатыр деп ойлаймын. Үлкен державалар басқа елдердің тез дамығанын қаламайды. Олар барлығы өздеріне қарап, өздеріне тәуелді болғанын қалайды. Сондықтан мен осы елдердің басшыларына – Дональд Трамп пен Кир Стармерге үндеу жасағым келеді. Өйткені оларға ақпарат жетпей жатқан болар. Экономикаға саясатты араластырмау керек", – деді ол.
Жапаров Қырғызстанның көпвекторлы саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.
"Мысалы, Англияның өзіне жыл сайын миллиард долларға алтын сатамыз. Сондықтан осындай жағдайда бізге жасалып отырған мұндай әрекетті әділетті деуге келмейді. Егер сенбейтін болсаңыздар, бізге өздеріңіздің деректеріңізді көрсетіңіздер. Банк барлық ақпаратты ашық түрде беруге дайын", – деді ол.
Оның айтуынша, Қырғызстан Ресейге қатысты санкцияларды бұзып отырған жоқ, ал "Керемет Банк" арқылы жүргізілетін барлық рубль бойынша операциялар мемлекет бақылауында.
"Ресейде шамамен 1 миллион мигрантымыз бар. Олар күн сайын елге миллиардтаған рубль жібереді. Бұл қаражатты айырбастап, халыққа қолжетімді етуіміз керек", – деді Қырғызстан басшысы.