Үкімет басшысы Олжас Бектенов Құрылтайда өткен жиында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олжас Бектенов өзіне жоғары сенім білдіріп, Премьер-министр лауазымына кандидатурасын ұсынғаны үшін Президентке алғысын жеткізді. Сонымен қатар Құрылтай депутаттарына да ризашылығын білдірді.
"Біздің өзара бірлескен жұмысымыз Мемлекет басшысының Әділетті әрі қуатты Қазақстанды құру міндетін жедел және сапалы орындауға бағытталады деп сенемін. Жаңа Конституциямыз қабылданып, мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі бастау алған ел дамуының аса маңызды кезеңінде Үкіметті басқару мен үшін айрықша жауапкершілік. Президент мырза, жыл қорытындысы бойынша экономиканы кемінде 5% деңгейінде өсуін қамтамасыз етеміз", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің сөзінше, бұл орайда азаматтарды белсенді жұмыспен қамту арқылы олардың табысының өсуін ынталандырып, инфляцияның деңгейі төмендетіледі.
"Сіз тапсырғандай еліміз бойынша маңызды жобалардың құрылысын бастадық. Ауқымды құрылыс бағдарламасы, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды озық қарқынмен салуға және экономикалық өсімді ынталандыруға бағытталады. 2026 жыл Сіз жариялағандай, Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып белгіленді. Тапсырмаларды жедел әрі сапалы орындау үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Экономиканың барлық саласында цифрлық трансформация жалғасын табады", – деді Олжас Бектенов.