Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде мәжілісте ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов қосымша баяндама жасаған еді. Оның айтуынша, мұнай бағасының біршама төмендеуі ел экономикасына әсер етіп отыр.
– Биыл жаһандық экономика геосаяси тұрақсыздық аясында дамуда. Біз бірқатар әскери қақтығыстардың салдарынан нарықтардағы жоғары құбылмалықты, сауда және капитал ағымдарында өзгерістерді байқап отырмыз. Бұл жалпы эконономикалық динамикаға әсер етуде. Еліміздің экономикасы үшін маңызды фактор болып табылатын мұнай бағасының біршама төмендеуінің тәуекелі барын атап өтемін. Бұл тәуекелдерге қарамастан, Қазақстандағы қазіргі экономикалық жағдай жалпы ішкі өнімнің оң өсуімен сипатталады. Биылғы 9 айда жалпы ішкі өнім 4 пайызға өсті. Өсу экономиканың барлық саласында байқалды, – деді Тимур Сүлйеменов.
Сондай-ақ, ол инфляцияның жайына тоқталды.
– Инфляция өткен жылдың ақпанындағы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 еседен астам төмендеді. Алайда бұл көрсеткіш әлі де Ұлттық банктің 5 пайыздық таргетінен алыс. Инфляция бірнеше ай қатарынан баяулағаннан кейін қазан айында 8,5 пайызға дейін жеделдеді. Инфляцияның жеделдеуіне ақылы қызметтер бағаларының 14,3 пайыздық өсуі үлес қосты. Бұл инвестицияның тарифке айырбастау бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауына байланысты, – деді ол.