Astana Best Consulting Group компаниясының экономисі Арман Байғановтың сөзінше, қағаз ақшамен есеп айырысу елімізге экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Өйткені бұл операцияға кететін шығын жалпы ішкі өнімнің 1%-ын құрайды, деп хабарлайды abctv.kz.
"Монета сарайын, инкассацияны, күзет қызметі мен кассирлерді қамтамасыз етуге қыруар қаржы жұмсалады. Бұл шығындарды шектеуге болады. Швецияда қаржылық операциялардың 97% қолма-қол ақшасыз атқарылады. Оңтүстік Кореяда адамдардың 2-ақ пайызы қолма-қол ақшамен есептеседі. АҚШ-та бұл көрсеткіш 7, ал Еуроодақта 9%-ға тең. Бізге де осы тәжірибені қолдану қажет. Егер төлем транзакцияларын интернет-банкинг немесе карточка арқылы жүргізсек, бюджет шығыны қысқарады, жалған кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны азаяды және сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылады",– дейді Арман Байғанов.
Оның пікірінше, көлеңкелі экономикадан құтылу үшін Қазақстан батыл қадамға бару керек. Бұл қадам ұлттық төлем жүйесін құрудан және қолма-қол ақша айналымынан бас тартудан басталады.
"Дәл қазір Қазақстан қолма-қол ақша айналымынан біржолата бас тарта алмайды" деген сала мамандарының пікіріне экономист: "Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшу мүмкіндігіміз бар екенін ресми мәлімдеді. Бұған халықтың өзі талпынуы керек",– деп жауап берді.