Экономист Ұлттық қорды қалай тиімді басқаруға болатынын айтты

197

Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. 

Экономист Ұлттық қорды қалай тиімді басқаруға болатынын айтты Фото: aikyn.kz

Экономист Бауыржан Ысқақов Ұлттық қор қаражатын бюджет тапшылығын жоюға алу тәжірибесін тоқтату керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Ұлттық қордың негізгі мақсаты – табиғи қазба байлықтарынан, яғни мұнайдан түскен табыстың бір бөлігін қорға жинау арқылы болашақ ұрпаққа аманат ретінде қалдыру. Мұнай, қазба байлықтарымыз таусылған уақытта болашақ ұрпақ алаңсыз өмір сүруіне бағытталған қор. Тек қана бізде емес, осындай минералды ресурстарды, мұнайды шығаратын әлемнің көптеген мемлекетінде осындай тәжірибе бар. Мысалы, Норвегия сияқты елдер мұны тиімді жүзеге асырып жатыр", - деді сарапшы.

Бауыржан Ысқақов еліміздегі Ұлттық қордың қаражаты 60 млрд долларға жетер-жетпес екенін баса айтты.

"Ұлттық қордың қаражаты тек доллармен құрылады. Өйткені мұнай сыртқа доллармен сатылып, доллар арқылы Ұлттық қордың шотына түседі. Ұлттық қордың қаражатын әлемнің дамыған мемлекеттеріндегі мықты компаниялардың акцияларын сатып алу арқылы орналастырылған, бұл дұрыс тәжірибе", - деп жалғастырды ол.

Президент Жолдауында "Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек" деді.

"Мұнда Ұлттық қордың салған қаражаттары 65-70 пайызға жуығы шетелдік компаниялардың акцияларында сақталған. Енді акциясы жоғары қазақстандық компанияларға Ұлттық қордың қаражатын акцияларды сатып алу арқылы салатын болсақ, оның ел экономикасына да пайдасы бар, сондай-ақ ұлттық компанияларымыздың дамуына әсерін тигізеді. Қазақстандық тәжірибеде Ұлттық қор қаражатын бюджеттің тапшылығын жоюға алу тәжірибесін тоқтатуымыз керек. Бюджетті толықтай 90 пайызға дейін кіріс бөлігін салықтан түсетін түсімдермен, қалғанын алымдардан түсетін түсімдермен қамтамасыз ету керек. Қазіргі уақытта бюджетегі салықтың үлесі 70 пайызға жуықтайды, ар жағында алымы бар. Сонда шамамен 20-25 пайызға дейінгі қаражатты Ұлттық қордың қаражаты есебінен бюджет дефицитін жауып отырмыз. Бұл тәжірибені азайтып, кәсіпкерлік ортаны қалыптастырып, сол арқылы бюджеттің кіріс бөлігін салықтан түсетін табыспен қамтамасыз етуіміз қажет", - деді Бауыржан Ысқақов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу