Экология министрлігі 10 облыстағы инвестициялық әлеуеті жоғары негізгі ұлттық парктерді айқындап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының туризм саласын дамыту міндеттері аясында Туризм және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне, әкімдіктерге экотуризм саласында жаңа жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
– Әлемдік туристік индустрияның жылдам өсіп келе жатқан бағыттарының бірі – экотуризм. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, жаһандық экологиялық туризм нарығы 2034 жылға қарай $660 млрд-тан асуы мүмкін. Былтыр Қазақстандағы экотуристер саны 3,6 млн адамнан асты. Бізде Шарын шатқалы, Көлсай көлдері, сондай-ақ Алтын-Емел, Іле-Алатауы, Бурабай, Баянауыл ұлттық табиғи парктері мен басқа да керемет табиғи байлықтарымыз бар. Алайда оларды дамыту және инвесторларды тарту жұмыстарының қарқыны көңілден шықпайды. Жаңа заманауи жобалар қажет. Туризм, Экология министрліктері мен әкімдіктер бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізсін. Отандық және шетелдік туристерді тарту үшін ұлттық парктеріміздің әлеуетін неғұрлым белсенді түрде пайдалану қажет, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің сөзінше, ұлттық саябақтарда туристік инфрақұрылымды жедел дамыту қажет.
– Экология министрлігі 10 облыста инвестициялық әлеуеті жоғары негізгі ұлттық парктерді айқындады. Сондай-ақ, парктерді дамытуға мүдделі инвесторлар да бар. Барлық тиісті мемлекеттік орган басы артық бюрократиясыз, оларды тез арада жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетсін, – деп қатаң түрде тапсырды ол Үкімет отырысында.