Астанада балаларды стационарға қабылдау талаптары қатаңдатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұдан былай ауруханаға тек қызылшаға қарсы вакцинасы бар балалар ғана жатқызылады. Қаулы қызылша деректерінің күрт көбеюіне байланысты қабылданған.
6-28 қаңтар аралығында елордада 403 жағдай тіркеліп, бұл айдың алғашқы аптасындағы көрсеткіштен шамамен үш есе жоғары болған. Ауру жұқтырғандардың көбі – екпе алмаған балалар. Оның ішінде 257 жағдайда ата-аналар вакцинациядан бас тартқан, 112 бала жас ерекшелігіне байланысты екпе ала алмаған.
Тағы 9 деректе жоспарлы вакцина уақытында салынбаған, ал 7 балаға медициналық қарсы көрсетілім болған. Құжатқа сәйкес, 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің екпемен қамтылу деңгейі қайта тексеріліп, ата-аналардың келісімімен қосымша вакцинация жүргізіледі.
Сонымен қатар, 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерінің де вакцина мәртебесі бағаланады. Ал 6-10 айлық сәбилерге қосымша екпе салу жоспарланған.
Білім беру мекемелерінің басшыларына күн сайын балалардың денсаулығын бақылау міндеті жүктелді. Ауру белгілері байқалған оқушылар ата-аналары келгенше оқшауланып, қажет болған жағдайда ауруханаға жіберіледі. Ал профилактикалық екпесі жоқ балаларды ұжымға қабылдау тек ұжымдық иммунитет деңгейі кемінде 90 пайыз болған жағдайда ғана мүмкін.