Пара алғаны үшін 12 жылға сотталған бұрынғы әкім ертерек бостандыққа шықпайтын болды

1704

Соттың тұжырымынша, комиссия Көкірекбаевтың жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды жасаған.

Пара алғаны үшін 12 жылға сотталған бұрынғы әкім ертерек бостандыққа шықпайтын болды Фото: turaninfo.kz

Алматы облыстық соты жемқорлық үшін 12 жылға сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты түрмеден босату туралы шешімнің күшін жойды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Алатау қалалық сотының Көкірекбаевты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы қаулысын қайта қараған.

Бұған дейін №57 түзеу мекемесінің әкімшілігі экс-әкімді ауыр сырқатына байланысты босату туралы ұсыныс енгізіп, бірінші сатыдағы сот оны қанағаттандырған.

Алайда апелляциялық сот Көкірекбаевтың сырқаты 2022 жылғы 30 маусымда Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейтінін анықтады.

Осыған байланысты Алатау қалалық сотының қаулысы жойылып, түзеу мекемесі әкімшілігінің ұсынысы қанағаттандырусыз қалдырылды. Шешім заңды күшіне енді.

Апелляциялық сот экс-әкімді босату туралы шешімнің күшін жоюмен ғана шектелмеген. Сот бастапқы істі қарауға қатысып, Көкірекбаевты босату қажеттігі туралы негізсіз қорытынды берген прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жеке қаулы шығарды.

Айта кетейік, 69 жастағы Кәрім Көкірекбаев 2022 жылғы желтоқсанда аса ірі көлемде бірнеше рет пара алды деген күдікпен ұсталған. Тергеу дерегінше, ол "Қазселденқорғау" мекемесін басқарған кезде орынбасарымен сөз байласып, мердігер компанияның директорынан пара алған. Есесіне орындалмаған жұмыстардың құжаттарына кедергісіз қол қойып отырған.

Іс материалдарында Қорғас өзеніндегі арнаны қалыптастыру және қорғау құрылыстары, сондай-ақ Ақсай өзенінің жағалауын бекіту мен бөгеттер салу жұмыстарына байланысты Көкірекбаевтың $798 мың және 23 млн теңге пара алғаны көрсетілген.

Сот мемлекетке келтірілген шығынды 1,98 млрд теңге деп анықтаған. Көкірекбаев пен оның орынбасарына Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша "аса ірі көлемде пара алу", ал мердігерге 367 және 195-баптар бойынша "пара беру" және "жымқыру мақсатынсыз мүліктік залал келтіру" айыптары тағылған.

2024 жылғы шілдеде алқабилер Көкірекбаевты ақтаған. Алайда сол айдың соңында ақтау үкімінің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.

2025 жылғы шілдеде сот Көкірекбаевты кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Оның орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер Андрей Поплавский 11 жылға сотталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу