2019 жылғы 20 ақпанда Қазпошта "Қазақстан Эксимбанкі" АҚ салымшыларына жалпы міндеттемелердің 95%-ын, яғни 250 млн теңге кепілдік өтемді төледі, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Ал "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ-ның банк салымшылары алдындағы міндеттемелерінің жалпы сомасы 263,16 млн теңгені құрайды.
Жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге арналған төлемдер 2019 жылдың 4 ақпанында басталып 4 тамызына дейін Қазпоштаның Астана, Алматы, Павлодар, Петропавл, Қарағанды қалаларындағы орталық операциялық учаскелерінде жалғасады.
"Біздің филиалдарда "Қазақстан Эксимбанкі" АҚ салымшыларына жедел қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Кепілдікті өтеу өтініш берген күні дереу жүзеге асырылады", – дейді "Қазпошта" АҚ қаржы бизнесі департаментінің директоры Алина Джанқұлова.
Шетел валютасындағы депозиттерді өтеу теңгемен төленеді. Соманы есептеу үшін 2019 жылғы 16 қаңтарда белгіленген нарықтық бағам қолданылады.
2019 жылдың 4 тамызына дейін "Қазпошта" АҚ-на жүгінбейтін салымшылар агенттік келісімнің әрекеті аяқталғаннан кейін тікелей "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ-ға (ҚДКБҚ) тиісті өтініш бере отырып, өтем алуға құқылы.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 27 тамызында Ұлттық банк "Эксимбанк Қазақстан" АҚ-ны банктік және өзге операцияларды жүргізуге лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған болатын.