Жоғалған мүлік жер түбінен табылды. Алматы облысында қарақшылар Батыс Еуропа - Батыс Қытай көлік жолын салып жатқан құрылысшылардың экскаваторын ұрлап, оны қазылған орға көміп кеткен. Бұл туралы Талғар ауданының тәртіп сақшылары айтты, деп хабарлайды almaty.tv.
Оқиға жаз кезінде болған. Төрт сұғанақ Төңкеріс ауылының маңында жол салып жатқан "Догушь Гульсан" құрылыс компаниясының аумағына келген. Олар түн ортасы ауғанда мердігерлердің күзетшісін алдап соғып, ұйықтататын қоспасы бар сусын берген. Ал күзетші қалың ұйқыға батқанда бірден ұрлыққа кірісіпті. Құрылыс алаңынан құны 16 миллион теңгеден асатын ауыр техниканы ұрлап әкеткен. Өздерінің бұл әрекетін жасыру үшін экскаваторды қылмыс болған жерден 10 шақырым әрірек апарып көміп тастаған.
"Алдын ала өздерімен дайындап қойған үлкен шұңқырға көміп, үстін белгісіз қылып жауып қойған. Ыңғайлы уақыт күтіп, соны ары қарай сатып, өз бас пайдаларына жарату мақсатында күтіп отырған. Ал олардың ойларына жеткізбей, жедел іздестіру шараларының арқасында аталған қылмыстық іс ашылып, осы уақытта аталған тұлғалар қамауға алынып сот өндірісімен аяқталып, аудандық прокуратураға жолданды", - деді Талғар аудандық ІІБ басшысының орынбасары Дәулет Сыдықбеков.
Күдіктілердің бірі бұрын да істі болған көрінеді. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлі қарақшылар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.