Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылардың үшінші жиналысы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Бұл шара халықаралық көрменің басты әрі қорытынды жиыны болмақ. Жалпы, бұл жиналыс жыл сайын өткізіліп тұрады және халықаралық көрмеге қатысушылар мен қызығушылық білдірген тараптарға ақпарат алмасуға үлкен мүмкіндік жасайды. Шара екі күнге ұласады. Бүгінгі шараға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, "Астана ЭКСПО" ҰК" АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес қатысуда.
Айта кетерлігі, ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ағымдағы жылдың 10 маусымында басталып, 10 қыркүйекте аяқталатын болады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде 2 рет аралайды деп жоспарланған. Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдіктердің басым бөлігін ТМД елдерінің және Қытайдың азаматтары құрайды деп күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растап отыр.