ЭКСПО-2017 көрме кешенінде Америка құрама штаттарының павильоны ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат
"Мен бұл салтанатты шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Америка құрама штаттарының біздің көрмемізге қатысуы - біз үшін өте маңызды. Өйткені дүниежүзіндегі жетекші елдің жаңғыртылған энергетика саласында жеткен жетістіктері көп. АҚШ-тың ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы қаншалықты маңызды екендігін бәріміз жақсы түсінеміз деп ойлаймын. АҚШ павильонының ашылуына үлес қосқандарға, демеушілерге, мұнда ұсынылған және біз тығыз байланыс орнатқан компаниялардың барлығына алғысымды білдіргім келеді", - деді "Астана ЭКСПО-2017" ҰҚ" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.
"Астана ЭКСПО" басшысы 25 жыл ішінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс жақсы дамып, көптеген америкалық компаниялардың Қазақстанда жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
А.Есімов Қазақстандағы АҚШ-тың төтенше және өкілетті елшісі, павильон комиссары Джордж Кролға ерекше алғыс білдірді. Оның айтуынша, АҚШ-тың көрмеге қатысу мәселесі оңайлықпен қабылданбаған, алайда екі жақты күш біріктіру нәтижесінде мәселе оң шешімін тапты.
А.Есімов сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесіне келушілердің АҚШ павильонындағы экспозициясымен танысу өте қызықты болатындығына сендірді.