"Астана ЭКСПО-2017" ҰҚ" АҚ мен "Қазпочта" АҚ арасындағы ынтымақтастық шеңберінде биылғы жылдың 2 қарашасынан бастап Ұлттық пошта операторының бөлімшелерінде Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне билеттер сату басталады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Компанияның баспасөз қызметінің дерегінше, бүгіннен бастап ЭКСПО-2017 көрмесіне билетті Қазпочтаның аймақтардағы бөлімшесінен ал биылғы жылдың 1 желтоқсанынан бастап барлық автоматтандырылған бөлімшелерінен сатып алуға болады. Билеттерді сату көрменің соңғы жұмыс күні – 2017 жылдың 10 қыркүйегіне дейін жүзеге асырылатын болады.
"ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі 2017 жылғы 10 маусымнан бастап 10 қыркүйекке дейінгі аралықта Астана қаласында өтеді. 93 күн ішінде 85%-ын республика тұрғындары құрайтын 5 миллион адам қатысады деп күтілуде.
Біз Қазпочтаның арқасында ең шалғайдағы өңірлердің тұрғындарына да көрмеге билет сатып алу мүмкіндігін ұсына аламыз", – деді "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ Коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев.
"Қазпочта" АҚ баспасөз қызметінің басшысы Байрам Азизов: "Біздің осы тектес қызмет ұсынуда тәжірибеміз бар. Қазіргі таңда біздің операторлар темір жол, авиа билеттерді және т.б. сату бойынша агенттік қызметтерді ұсынуды қарастырып жатыр", – деп атап өтті.
Клиенттер күні белгіленген билеттерді жұмыс күндеріне 4000 теңгеге және демалыс күндеріне 6000 теңгеге ала алады. Ал күні белгіленбеген билеттерді жұмыс күніне 6000 теңгеге және демалыс күндеріне 8000 теңгеге ала алады. Билеттерді сату қолма-қол ақшамен де, төлем карточкаларымен де жүзеге асырылады. Бөлімшелердің толық тізімі "Қазпочта" АҚ ресми сайтында: www.post.kz
Билеттерді сатып алынған орны бойынша қайтару қарастырылған. Күні белгіленген билет көрмеге барар күннің алдындағы күннің соңына дейін қайтарып алынады. Жоғалтып алған жағдайда, билетті tickets.expo2017astana.com сайтында құрылған жеке кабинеттен басып шығаруға болады.