ЭКСПО-2017 көрмесінің билет бағалары белгілі болды

929

ЭКСПО-2017 көрмесінің билет бағалары белгілі болды

Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің басталуына тура жарты жыл бұрын іс-шара билеттерін кассаларда сату басталды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Билет кассаларының ашылу салтанаты астаналық "Керуен", "Хан-Шатыр", сондай-ақ "MEGA Park" және "Алматы MEGA Орталығы" секілді сауда-ойын сауық орталықтарында өтті.

Айта кету керек, көрме билеттерін онлайн сату ағымдағы жылы 10 маусымында, яғни көрмеге дейінгі бір жыл бұрын басталған болатын. Енді билеттерді тек ресми сайттан ғана емес, сондай-ақ кассалардан тікелей сатып алуға болады. Билеттер құны әртүрлі.

Айталық, жұмыс күндері белгілі бір нақты күні кіруге арналған билетінің бағасы 4000 теңге, демалыс күні – 6000 теңгені құрайды. Күні белгіленбеген, яғни ашық даталы  билет 2000 теңгеге қымбат болады. Студенттер, оқушылар, көп балалы аналар және жеңілдік санатына кіретін басқа да қазақстандықтар ЭКСПО-2017 көрмесіне 50 пайыз жеңілдікпен кіре алады. Ал соғыс ардагерлеріне, алты жасқа дейінгі балаларға, жетім балаларға, барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға - билет тегін. Аталған әлеуметтік топтарға арналған жеңілдік шарттары Көрмені өткізу кезеңінде ғана қолданылады. "ЭКСПО-2017" билеттерді сату стратегиясы белгілі бір кезеңдерге негізделген. 10 маусымда онлайн-сату, 10 шілдеде туроператорлар үшін ЭКСПО көрмесіне билеттерді сату, 10 тамызда – реселлерлер үшін, ал 1 қыркүйекте субагенттік желі арқылы билеттерді сату басталды.

Қазір билеттерді "Қазпошта" бөлімшелерінен, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі Marwin/Меломан дүкен желілерінен және сауда-ойын-сауық орталықтарынан, сондай-ақ, Астана және Алматыдағы көрменің ресми билет кассаларынан алуға болады.  10 наурыздан бастап кассалар елдің барлық 14 өңірінде жұмыс жасай бастайды. Ресми офлайн-сатудың ашылу рәсімі барысында касса келушілеріне арнайы сыйлықтар дайындалып, елімізге танымал тұлғалар қатысты. ЭКСПО-2017 елшілері олимпиада  чемпионы Александр Винокуров пен қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ белгілі қазақстандық актер мен әншілер келді. Олар билет сатып алып, жанкүйерлеріне қолтаңба таратып, арнайы сұхбат берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу