ЭКСПО-2017 кешеніндегі дәмханалардың біріндегі бағалар келушілерді шошытты. Қонақтардың бірі ас мәзірінің суреттерін әлеуметтік желілерде жариялауда деп хабарлайды turkystan.kz.
Ас мәзіріндегі тағамдардан ешқандай артықшылықтар мен ерекшеліктерді таппайсыз. Алайда, бағалары бірнеше есеге қымбаттаған. Мәселен, Tayqazan дәмханасынан 1 стакан компот ішкіңіз келсе 1200 теңге төлеуіңіз қажет. Қарапайым сусындардың құны алкогольді сусындардың бағасымен бірдей. Ал, ыстық тағамдар туралы айтудың өзі артық. Мұнда қуырдақ — 6500 теңге, тауық етінен әзірленген палау 3200 теңге тұрады.
Дәмхана иелері шетелдік туристердің есебінен байып қаламыз деп есептесе керек. Алайда, ЭКСПО-ға келушілердің 95 пайызы Қазақстан азаматтары екенін естен шығармаған жөн.
"Көрменің халықаралық екенін түсінемін. Бірақ, өз азаматтарымыз жайында да ойлаулары керек қой. Өз халқыңның есебінен баю үшін бағаларды бұлай көтеріп жіберуге болмайды", - дейді фото авторы.
Ол сондай-ақ, ас мәзірінің тым жұпыны екенін де айтып отыр. Сорпа, лағман, манты, қуырдақтан өзге тағам түрі жоқ көрінеді.
"Қымыз бен шұбат қайда, қазақтың ет тағамы қайда? Бізде тағам түрлері өте көп, неліктен шетелдіктерді ұлттық тағамдарымызбен тамақтандырмаймыз?" — дейді ЭКСПО-ға келген қазақстандықтардың бірі.