Астанада соңғы бір жылда 30 хостел жабылып қалған, деп хабарлайды almaty.tv.
Қазақстанға жыл сайын 5 миллионға жуық турист келеді. Оның тек 10 пайызы қонақ үйге орналасса, қалғаны хостелге жайғасады.
"Көрме кезінде адам көптеп келетін. Сондықтан Астанада хостел саны күрт өсті. Қазіргі кезбен салыстырғанда, 50 пайызға артық еді. Бағасы да 3 есе қымбат болатын. Бізден 3 ай бұрын туристер жатын орындарын жалдап қоятын. Қазір ондай емес. Байқап жүрмін сапасы да, саны да төмендеп кетті десем болады", - дейді хостел иесі Мәулен Мүлікбаев.
Соңғы бір жылда елордада 30 хостел жұмысын тоқтатқан. Жолаушылардың аздығынан шығынға батқан.
"ЭКСПО көрмесі кезінде 95 хостел болса, қазір - 60. Турист саны күрт төмендегенде, арадағы 30-ының кейбірі жатақханаға айналды, жабылып та қалды. Меніңше, осы қызмет түрінің белгілі бір қағидасы болу керек. Астана қаласының әкімдігі мәдениет және спорт министрлігіне бұл мәселе бойынша сауал жолдады. Қазір қаралып жатыр", - деді туризм компаниясының өкілі Саят Құсайынов.