ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындауға бес жыл ішінде Қазақстан бюджетінен 565 миллиард теңге жұмсалған, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Сарапшылар атап өткендей, бұл сома елдің жанармай-энергетикалық кешенінің дамуына жұмсалған қаражаттан 30 миллиард теңгеге асып түседі.
Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, ЭКСПО — 2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындыққа бес жыл ішінде 565,1 миллиард теңге немесе 2,1 миллиард доллар бөлінген. Оның ішінде Астана қаласы бюджетінен – 1,58 миллиард теңге.
Бұдан бұрын "Астана ЭКСПО — 2017" АҚ ұлттық компаниясы басшысы Ахметжан Есімов хабарлағандай, бастапқы есептеулер бойынша көрмеге 400 миллиардтай қаражат жұмсалған, оған нысандардың салынуы мен іс-шаралардың өткізілуі кіреді. Барлық шығынның жартысына жуығы 2016 жылы жұмсалды – 267,2 миллиард теңге. Биыл көрменің ашылуына дейін тағы 77,3 миллиард теңге ұсталды. Орта есеппен көрменің дайындығына адам басына шаққанда 66 мың теңгеден кеткен.
2015 жылы Миландағы ЭКСПО-ға 3,6 миллиард доллар жұмсалған екен, ал ең қымбат ЭКСПО Шанхайда өткен, Қытай елі оған 60 миллиард доллар жұмсапты.