ЭКСПО қалашығында Иорданияның ұлттық күні тойланды

835

ЭКСПО қалашығында Иорданияның ұлттық күні тойланды

ЭКСПО қалашығында Иорданияның ұлттық күні аталып өтті. Салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Иордания Хашимит Корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ахмед Идрис Инаб аталмыш елдің баламалы энергия көздерін әртараптандыруды қолға алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды elorda.info.

"Иорданияның энергетика саласындағы басты саясаты – мұнай импортына деген тәуелділікті шектеу. Табиғи отынның үлесін арттырып, қолданыс аясын қамтамасыз етуді көздейді. Сондықтан, энергия көздерін әртараптандыру – Иордания үкіметінің алға қойған бағытының бірі. Ал ЭКСПО-2017 көрмесі – үздік инновациялық жетістіктермен танысудың мүмкіндігі", — дейді Ахмед Идрис Инаб. Ал еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Ермек Көшербаев екі ел арасындағы достық қарым-қатынас барлық салаларда көрініс тапқанын тілге тиек етті.

Оның айтуынша, фармацевтика, энергетика және ауыл шаруашылығы бойынша ынтымақтастық қарқыны артып келеді. Шараның ресми бөлігінен кейін Ұлттық күн сахнасында Амман қаласы муниципалитетіне қарасты Иордания ұлттық фольклорлық ансамблі өнер көрсетті. Сонау 1995 жылы негізі қаланған ұжым 65 адамнан құралған. Олар ЭКСПО қонақтарына арнап "Иорданиялық Дабка" атты ұлттық биін билеп, "Ребаб", "Шебаб" ұлттық аспаптарында тамылжыта ән шырқады.

Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Иордания арасындағы екі жақты дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 24 жыл толады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу