EXPO көрмесінің аумағында Жапония мемлекетінің ұлттық күні өтті, деп хабарлайды khabar.kz.
Шара барысында қонақтар бұл елдің дәстүрлі мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды. Сахна төрінде жапондық музыка шеберлері ұлттық аспаптарда ойнап, жұртшылықты тамсандырды. Артынша екі ел делегациясының өкілдері ұлттық павильонға аттанып, жергілікті экспозициялармен танысты.
Баламалы энергетика саласында көш бастап келе жатқан мемлекет келушілерге түрлі қуат көздерінің синтезін көрсетті. Жалпы Жапония павильоны 3 аймақтан тұрады. Әр бөлімде энергия үнемдеу мен саладағы жетістіктер, сутегі, балдырдан жасалған биомассаларды қолдану технологиясы ұсынылған.
Шетелдіктер бүкіл әлемге энергетикалық мәселелерді шешу жолындағы зияткерлік және технологиялық тәжірибесін таныстыруға дайын екенін паш етті. Бағдарламада Осака шеруі, түрлі ұлттық топтардың қойылымдары мен арнайы экспозициялар рет-ретімен көрсетілді.