"Бәйтерек девелопмент" АҚ 1 маусымнан бастап ЭКСПО-қалашықтың тұрғын үйлерін сата бастайды, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
Пәтерлер мен автотұрақтар нарықтағы бағамен сатылымға шығарылады
"2016 жылы Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне келген шетелдік делегация өкілдерін орналастыру үшін 42 тұрғын үй салынды. Жылжымайтын мүлік құрылысы ұлттық қор есебінен және жобалық компаниялар инвестициясы есебінен жүзеге асырылды. Тұрғын үй құрылысына мемлекеттен бөлінген қаражатты қайтару жылжымайтын мүлікті нарыққа сату арқылы жүзеге асады", - дейді "Байтерек девелопмент" АҚ төраға орынбасары Асқарбек Өсербаев.
ЭКСПО-ның тұрғын үй аумағындағы пәтерлерді кез-келген адам өз есебінен немесе екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық несие мен "Қазақстан Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" АҚ-ның тұрғын үй несиесі арқылы ала алады.
Тұрғын үй жайлылығы - ІІ класты. Бір бөлмелі пәтер көлемі 41,3-ден 50,7 шаршы метрге дейін. Екі бөлмелілердің көлемі 60,8-ден 75,6 шаршы метр арасында. Үш бөлмелілер көлемі 85,3-тен 104,9 шаршы метрге дейін, төрт бөлмелі пәтер көлемі 108,4 - 123,7 шаршы метр арасында.
Жылжымайтын мүлік құнын белгілеу үшін тәуелсіз консалтингтік компаниялар тартылады.