Еліміздің мәдениет және спорт министрлігі "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ, Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени және спорттық шараларының кешендік бағдарламасын әзірледі. Бұл туралы МСМ мәдениет және өнер жөніндегі департамент директоры Алмаз Нұразхан ОКҚ брифингінде мәлімдеді.
"Бағдарлама бойынша 3,5 мың мәдени және спорттық шара өткізу қарастырылған. Шараларға отандық және шетелдік өнер майталмандары, шығармашылық ұжымдар қатысады", – деді Алмаз Нұразхан.
Ол айтып өткендей, ЭКСПО-2017 мәдени бағдарламасы Қазақстан халқының көпұлттық мемлекетінің жетістігін көрсетуді көздейді.
"Елбасы ұсынған "Мәңгілік ел" Ұлттық идеясы, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, Астананың гүлденуі 93 күн ішінде мәдени шаралар мен көрмелерден көрініс табады", – деді ол.