Астанада Аккредиттеу орталығы және ЭКСПО-2017 көрмесінің қатысушыларына Бірыңғай қызмет көрсету орталығы таныстырылды, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Ұлттық компанияның Сервистік қызмет көрсету департаментінің директоры Дияс Әзбергенов Орталықтың функционалдық мүмкіндіктері туралы толық айтып берді.
"Бір терезе" принципі бойынша жұмыс жасайтын Бірыңғай қызмет көрсету орталығы (БҚО) ресми қатысушыларға, секция комиссарларының кеңселеріне және олардың штаттық қызметкерлеріне қызмет көрсету үшін құрылды. Орталықта мемлекеттік және басқа қызметтердің тиісті түрлеріне уақытылы және тиімді көрсететін мемлекеттік органдардың және басқа ұйымдардың өкілдері (ішкі істер органын, кедендік одақ және салық органын қоса) болады – деп атап өтті Д.Азбергенов.
Бірыңғай қызмет көрсету орталығында визалық қолдау көрсету, көші-қон есебі, салық салу, кедендік істер, авторлық құқық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және Қазақстан Республикасының радиожиілікті спектрін қолдану саласындағы қызметтер көрсетіледі.
Сондай-ақ "Қазкоммерцбанк" АҚ банк қызметтерін ұсынады. Сонымен қатар, ресми қатысушылар БҚО-да сақтандыру, логистикалық, консалтингілік, нотариалдық, аударма, сондай-ақ әуе кассалары және экспресс-пошта қызметтерін ала алады.
Мұнан кейін Аккредиттеу орталығы таныстырылып, оның жұмысы туралы "Астана ЭКСПО-2017" ҰК" АҚ Операциялық басқару және тәуекел-менеджменті департаментінің директоры Маркен Ахметов хабардар етті.
"Аккредиттеу жүйесі ағымдағы жылдың желтоқсанында іске қосылды. Енді көрме аумағында және жеке объектілерінде болғысы келетін барлық тұлғалар онлайн жүйеде тіркеліп, Қазақстанның құқық қорғау органдарында арнайы тексеруден өтуі тиіс. Бұл дайындық және өткізу кезеңінде барлық іс-шаралардың қосымша қауіпсіздігін қамтамасыз етеді" - деді М.Ахметов.
Аккредиттеу орталығының толық жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін аккредиттеу жүйелерін ұйымдастыру және іске қосудың халықаралық тәжірибесі қолданылды.