Татарстан президенті Рустам Минниханов ЭКСПО-2017 көрмесі Ресей Федерациясы ұлттық секциясындағы республиканың көрме апталығының ашылуына қатысады. Татарстан көрмесі апталығының ашылуы 12 маусым күні өтеді. ЭКСПО-2017 көрмесінде хабарланғандай,онда Татарстанның 15-ке жуық компаниялары таныстырылады, деп хабарлайды egemen.kz.
"Олардың қатарында "Татнефть" АҚ, "ТАИФ" компаниясының тобы, "КАМАЗ" КАҚ, "Татэнерго" АҚ сынды компаниялар және Қазан мемлекеттік энергетика университетінің жұмыстары таныстырылатын болады", - деді Татарстан Республикасы Өнеркәсіп және сауда министрі Альберт Каримов.
"Біз көрмеден жаңа байланыстар, жаңа кездесулер және жаңа жобалар күтеміз. Бізді Қазақстанмен көп жылдардан бері ынтымақтастық және көптеген бірлескен жобалар байланыстырады. Сол себепті қазақстандық достарымыз және бауырларымызбен жасалатын бірлескен жұмыстарды көрмеге келетін басқа да халықаралық делегациялармен бірлесе жүзеге асырамыз деген ниеттемін", - деді министр.
Айта кетейік, 2016 жылдың 3 қазанында "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы Татарстан Республикасымен ынтымақтастық байланыс жайлы меморандумға қол қойған еді.