Румыния Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне әлемдегі ең жылдам лазерді ұсынбақ. Бұл туралы елордада өткен ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылардың үшінші жиналысы аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Румыния ұлттық павильонының өкілі Рауд Петур мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Оның айтуынша, Румынияның лазерлер өніру саласында мол тәжірибесі бар. "Біздің павильонда лазерлер әлеміндегі ең үздік модельдер болады", - деді Раду Петру. Сонымен қатар ол Румынияда өте жақсы шараптар да өндірілетіндігін баса айтты.
"Өзіміздің бірегей энергия көзіміз - шарабымызды да таныстыратын боламыз. Румыния шарапты алты мың жыл бойы дайындап келеді және біз оны ЭКСПО аясында ұсынатындығымызға қуаныштымыз", - деді ол.
Айта кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі үстіміздегі жылдың 10 маусымында басталып, 10 қыркүйекте аяқталады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде екі мәрте аралайды деп жоспарланған. Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдіктердің басым бөлігін ТМД елдерінің және Қытайдың азаматтары құрайды деп күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растап отыр.