Экспорт 42,4% өсті

Тауарлар импорты 44,6 млрд долларды құрады. 

Экспорт 42,4% өсті Фото: NewsHub.kz

2022 жылғы қаңтар-қарашада сыртқы сауда тауар айналымы 33,4%-ке өсіп, 122,2 млрд долларды құрады. Оның    ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 42,4%-ке өсіп, 77,6 млрд долларға дейін жетті.

Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 33,8%-ке ұлғайып, 24,1 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 44,6 млрд долларға тең. Жалпы, оң сауда балансы 33,1 млрд долларды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,4%-ке өсті", – деді министр.

Көрсеткіштің өсуі 18 өңірде тіркелді. Соның ішінде Алматы қаласы, Ақмола, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары ең жоғарғы өсуді көрсетті.

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 9,4%, оның ішінде автомобиль жасау – 19,1%, электр жабдықтарын жасау – 22,2%-ға артты.

"Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,9%, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9%,  химия өнеркәсібі – 10,2%, сусындар өндірісі – 11,2%, пластмасса бұйымдары – 2,1%, жеңіл өнеркәсібі – 6%", – деді министр.

Оның айтуынша, өсіммен қатар, кейбір көрсеткіштердің төмендегені байқалып отыр.

"Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1%-ке төмендеді. Екі өндірістің көрсеткіші 0,7%-ке төмендеді, олар: көмір және металл кендерін өндіру. Сондай-ақ, газ өндіруде – 1%-ке, мұнай өндіруде – 1,9%-ке және өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде – 7,6%-ке төмендеу тіркелді", – деді Әлібек Қуантыров.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу