Отандық тауар өндірушілер өнімін шетелде сертификаттауға кеткен шығынның бір бөлігін мемлекеттен қайтара алады. Бұл туралы Қазақстан индустрия және экспорт орталығы директорының орынбасары Айнұр Байқадамова Дүниежүзілік стандарттау күніне орай өткен форумда айтты.
"Өз өнімін шетелде сертификаттаған кәсіпорындарды қолдау үшін кеткен шығынның бір бөлігін өтеу жолға қойылды. Егер шағын кәсіпорын болса, сертификаттауға кеткен шығынның 60%-ін, үлкен кәсіпорын болса, 50%-ін, аса ірі кәсіпорын болса, 30 %-ін мемлекет өтеп береді. Сертификат рәсімдеу уақыты 2017 жылдың қазан айынан бері болуға тиіс. Шетелде өнімін сертификаттап үлгермегендерге де осындай қолдау бар",– дейді орталық өкілі.
Айнұр Байқадамова мұндай қолдау ішкі нарықтағы сертификатқа да көрсетілетінін айтады.
"Бұл енді басқа бағдарлама бойынша жүреді. Кедендік одақ пен Қазақстан нарығына тауар сертификаттау шығындары да ішінара өтеледі. Бұл жерде барлық бизнес нысандарына өтеу мөлшері бірдей. Сертификат рәсімдеу шығынының 50%-і көлемінде болады. Алайда, бұл сома 7,5 млн теңгеден аспауы керек", – деді ол.
Есімжан Нақтыбайұлы