Эквадорда бандиттер тікелей эфир кезінде телеарнаны басып алған

485

Ел президенті қылмыскерлерге "соғыс" жариялады.

Эквадорда бандиттер тікелей эфир кезінде телеарнаны басып алған Фото: AFP

Эквадор президенті Даниэль Нобоа қарулы топтың TC Televisión телекомпаниясын басып алып, адамдар кепілге алынған соң елде ішкі қарулы қақтығыс режимін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Болжам бойынша, елдегі ең ірі "Лос Чонерос" қылмыстық тобының жетекшісі Фито лақап атымен танылған Адольфо Макиас Вильямар түрмеден қашып кеткеннен кейін ішкі қақтығыс басталған. Алдымен қарақшылар жергілікті телеарна ғимаратына басып кіріп, студиядағы тележүргізушілерді, басқа да қызметкерлерді кепілге алған.

Қарулы қақтығыс Эквадордың басқа аудандарынан да басталып жатыр деген хабарламалар келіп түскен. Мәліметтерге сәйкес, қарулы топтар Гуаякиль университетіне еніп, студенттер мен оқытушыларды кепілге алуға әрекет жасаған. Сонымен қатар метро мен сауда орталықтарында адамдарға шабуыл жасалды.

Ал жергілікті тұрғындар Эквадор картелінің мүшелері Гуаякил қаласындағы полиция патрульдеріне шабуыл жасай бастағанын айтады. Адамдардың айтуынша, қарақшылар құқық қорғау органдарын атып өлтіріп, аман қалғандарды өлім жазасына кесетінін мәлімдеген. Бұдан бөлек, бірнеше бейбіт тұрғын жарақат алды.

Эквадор президенті Даниэль Нобоа қоғамдық жиналыстар мен коменданттық сағатқа уақытша тыйым салуды көздейтін 60 күндік төтенше жағдай жариялады. Сондай-ақ, ел басшысы ел аумағында ішкі қарулы қақтығыстың бар екенін мойындау туралы жарлыққа қол қойды. Аталған жарлыққа сәйкес барлық қылмыстық топтар террористік ұйымдарға теңестіріледі.

Құжатта террористік ұйымдар мен соғысып жатқан мемлекеттік емес субъектілердің 22 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық тобы аталған. Әскерилерге осы қылмыстық топтардың мүшелерін жою тапсырылған. Эквадор басшысы елдің "егемендігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік беру" және қылмыстық және террористік топтардың әрекеттеріне жол бермеу үшін "қарулы күштер мен ұлттық полицияның жұмылдырылуы мен араласуын" қамтамасыз етуді тапсырды. Ол үкімет тарапына үркітіп-қорқыту әрекеттері болып жатқанын айтып, топтармен келіссөз жүргізуден бас тартты. 

Ел Президентінің әрекеттеріне жауап ретінде банда мүшелері президенттен әскери жағдайды жоюды және армия мен полицияны көшелерден шығаруды талап етуде. Қорқыту мақсатында олар түрме қызметкерлері мен полиция қызметкерлерінің өлім жазасына кесілгені туралы видео жариялайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу