ЕҚЫҰ Қазақстанға сайлау ұйымдастыруды жетілдіру бойынша ұсынысын жібереді

728

5 маусымда елімізде Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өткен болатын.

ЕҚЫҰ Қазақстанға сайлау ұйымдастыруды жетілдіру бойынша ұсынысын жібереді

ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы миссиясының басшысы Тамаш Месерич Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесу барысында ЕҚЫҰ-ның елімізге сайлау туралы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсынысын жіберетінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚР СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ЕҚЫҰ миссиясы 5 маусымда өткен Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдумға дайындық пен оны өткізу процесін бағалау үшін Қазақстанға келген болатын.

"Миссия басшысы референдумдағы дауыс беруді бақылау қорытындысы бойынша Қазақстанда сайлауды ұйымдастыруға қатысты ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын дайындайтынын атап өтті. Месерич бұл миссияның Қазақстанға консультативтік және білім беру жобаларын әзірлеу арқылы қажетті көмек көрсетуін жалғастыруға дайын екенін жеткізді", – деп жазылған хабарламада.

Еске сала кетсек, 5 маусымда елімізде Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өтті. Оны дауыс беруге келген азаматтардың 77%-дан астамы қолдап дауыс берді.

Түзетулер бойынша, мемлекет басшысының өкілеттігі қысқартылады, парламенттің және жергілікті өкілетті органдардың рөлі едәуір күшейтіледі, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығайтылады, Конституциялық сот қайта құрылады, өлім жазасын түпкілікті жою бекітіледі және еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы нормалар алынып тасталады.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу