Ел аумағынан тыс жерде қанша қазақ бар?

314

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні. 

Ел аумағынан тыс жерде қанша қазақ бар? Фото: Qadam.asia

"Отандастар қоры" мәліметінше, ел аумағынан тыс жерде өмір сүріп жүрген қазақтардың саны 5 миллионға жетуі мүмкін. Ресми санатқа белгілі мәліметтерге сүйенсек, шеттегі қазақтардың жалпы саны 3 миллионнан асады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

"Отандастар қоры" деректеріне сүйенсек, қазақтар әлемнің 40-тан аса елінде өмір сүріп жатыр. Қордың талдау және стратегиялық даму департаменті берген ақпараты бойынша Қытайда – 1,6 миллион, Ресейде – 591 мың, Өзбекстанда 821 мың қазақ бар. Моңғолияда – 121 мың, Қырғызстанда – 35 мың, Түркияда – 30 мың, АҚШ-та – 17 мың, Иранда – 10 мың және Түрікменстанда – 9 мыңға жуық қазақ диаспорасы тұрады.

"Өткен ғасырдың 50-жылдарында Алтай қазақтары Түркияға қоныс аударып, 60-70 жылдары Еуропа елдеріне тұрақтады. Солардан тараған ұрпақтың 17 мыңы Германияда, 2 мыңы Францияда, 1000-ы Ұлыбританияда, 300-і Аустрияда, 300-і Швецияда, 90-ы Бельгияда, 70-і Данияда, 30-ы Норвегияда тұрып жатыр", - делінген қордың мәліметінде.

Әлемнің әр түкпірінде 250 мыңға жуық Қазақстан азаматы өмір сүреді. Олардың бір бөлігі сыртта білім алу үшін жүрсе, тағы бір бөлігі ресми қызмет бабымен, қалған бөлігі екі қолға бір күрек іздеп жүр.

"Шетелдегі қазақстандықтардың нақты саны туралы ресми деректер жоқ. Алайда бізде бар мәліметке сәйкес, Ресейде – 60 мың, Түркия – 40 мың, Германия – 50 мың, АҚШ – 50-60 мың, Оңтүстік Кореяда – 10 мың, Польшада – 10 мың, Ұлыбританияда – 4 мың, Канадада – 3.5 мың және Швецияда – 1200 қазақстандық оқу, еңбек және басқа да себептермен тұрып жатыр", - делінген мәліметте.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу