Ел аумағында аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошағы бар

989

Вирустық гепатитпен, ботулизммен және скарлатинамен сырқаттанғандардың саны 4,3 есе өсті.

Ел аумағында аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошағы бар

Үкімет отырысында денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирус инфекциясын қоспағанда еліміздегі санитарлық-эпидиомиологиялық жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.

"64 инфекциялық ауруға мониторинг жүргізіліп жатыр. Бес айдың қорытындысына сәйкес 49 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеді.  Биыл оба, тырысқақ, іш сүзегі, құтыру, туляремия, дифтерия, сіреспе, қызамық және басқа да инфекциялық аурулармен сырқаттану тіркелген жоқ. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сальмонеллезбен, қызылшамен, іріңді менингитпен, серозды менингитпен, туберкулезбен сырқаттанушылықтың төмендегені байқалды. Ал вирустық гепатитпен, ботулизммен, скарлатинамен сырқаттанушылықтың 4,3 есе өсуі байқалды", – деді Ләззат Ақтаева.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, ел аумағында аса қауіпті инфекциялар – оба, туляремия, геморрагиялық қызбалар, күйдіргі және басқа да зооноздық инфекциялардың белсенді табиғи ошақтары бар. 

"Осы жылдың 5 айында обаға қарсы күрес ұйымдары 223,1 мың шаршы шақырымды және 4 млн эктопаразиттер мен кеміргіштерді тексерді. Обаға қарсы күрес станциялары 21 елдімекеннің айналасында қорғаныш аймағын құрды. Кенттік дератизация, кенттік дезинфекция шараларын қолданды.  Обаға қарсы 50 мыңнан астам адам егілді. 2020 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызба (КҚГҚ) ауруының 3 жағдайы расталды. Оның ішінде 2 жағдай Түркістан облысы тұрғындарының арасында және Жамбыл облысында – 1 жағдай тіркелді", – деді ол. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу