ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасы және қалалық Жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен тәртіп сақшылары екі күн бойы елорда тұрғындарын қабылдайды, деп хабарлайды Елорда Инфо министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін және ертең еліміздің барлық өңірінде ішкі істер органдарының басшылық қызметкерлері "Жолда қабылдау" акциясы аясында азаматтарды қабылдауды бастады.
"Халықпен кері байланысты және полиция бөлімшелері басшыларының еліміздің бүкіл өңірлерінің азаматтарымен жеке кездесуін қамтамасыз ету үшін 5-6 сәуір күндері "Жолда қабылдау" акциясы өткізілетін болады. Еліміздің бүкіл өңірінде, қалалары мен аудан орталықтарында полиция департаменттерінің әкімшілік полицияның, жергілік және көші-қон қызметтерінің басшылары азаматтарды қабылдайды", – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша шара "Алма" сауда үйінің ауданы (Республика даңғылы, 45), "Mega Silk Way" сауда-ойын сауық кешені (Қабанбай батыр даңғылы, 62), "Astana Mall" сауда-ойын сауық кешені (Тәуелсіздік даңғылы, 34), "Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының" ауданы (20-40 көшесі), Орталық сауда кешені (Алаш тас жолы) және Алматы ауданының мемлекеттік кірістер бойынша басқармасының ауданы (Жұбанов көшесі мен Абай даңғылы, 78 қиылысы) сияқты қаланың 6 аумағында өткізіледі.
Министрліктің дерегінше, ел аумағында шамамен 250 ұтқыр бекет жұмыс істейтін болады. "Жолда қабылдау" акциясы өтетін орындар мен азаматтарды қабылдауға арналған ұтқыр бекеттердің қай қалада және қай жерде орналасқанын Ішкі істер министрлігінің порталынан сонымен қатар полиция департаменттерінің порталдарынан, әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.