Ел аумағындағы 750 базардың ешқайсы заман талабына сай емес

998

Ұлттық тауар өткізу желісін құру қажет.

Ел аумағындағы 750 базардың ешқайсы заман талабына сай емес Фото: Максим Морозов

Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осылай деді. 
Оның сөзінше, базарларда тауар ағынын бақылайтын ақпараттық жүйе жоқ. Тауарларды жедел жүктеу мүмкіндігі қарастырылмаған. Температуралық қойма жеткіліксіз. 

"Қазіргі уақытта елімізде 750 сауда базары бар. Олардың бір де бірі заман талабына сай емес", – деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің мәлімдеуінше, жоғарыдағы мәселелерді жедел және жүйелі шешу үшін көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісін құру қажет.

"Бұл экожүйе өндіруші мен тұтынушыны жақындататын экономикалық кешенге айналып, еліміздің сауда инфрақұрылымына қосылады. Осылайша 
өнімді сақтау мен қайта өңдеуге, тарату мен өткізуге дейінгі аралықтағы  мамандандырылған қызмет ұсынады", – деді ол.

Оның сөзінше, көтерме-тарату орталықтарының бірыңғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өткізу желісі жеткізудің тиімді көлік-логистикалық бағытын құруға мүмкіндік беріп, Еуразиялық экономикалық одаққа, Орталық Азия елдері мен Қытайға бағытталған экспорттық-импорттық операциялардың  жүзеге жылдам асырылуына ықпал етеді. 

"Көтерме-тарату орталықтарының желісі тауар өткізу жүйесінің негізгі қатысушылары арасындағы байланыстырушы буын болып, өндірушілердің, жеткізушілердің және сатушылардың кешенін біріктіреді", – деді Бақыт Сұлтанов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу