Елдегі техногенді-минералдық қалдықтарға инвентаризация жүргізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстанда 1 700-ден астам техногенді-минералдық қалдықтар тіркелген, олардың жалпы массасы 55 млрд тонна болады. Олардың негізгі бөлігі Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарында орналасқан және 67%-дан астамы бөлу балансын жүргізуді талап етеді. Бүгінгі таңда Сирек металдар және сирек жер металдары саласын дамытудың кешенді жоспары аясында техногендік-минералдық қалдықтарды инвентаризациялау жұмыстары басталды. Осы жұмыстар қалдықтарды бағалауға, өңдеуге және экологиялық жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік береді", – деді Ерсайын Нағаспаев.
Ведомство басшысының айтуынша, аталған 55 млрд тонна қалдықтың 11%-ы ғана өңделеді.
"Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 70-80%-ға жетеді. Қазірдің өзінде мыс, алтын, темір және басқа да шикізатты өндіру кезіндегі қалдықтар қайта өңделіп жатыр. Мысалы, Коунрад компаниясы өз кен орнының техногендік қалдықтарын пайдаланып, жылына 12 мың тонна мыс өндіреді – бұл еліміздің бүкіл мыс өнеркәсібінің шамамен 3%-ын құрайды.
Соңғы екі жылда қалдықтарды қайта өңдеуге арналған жалпы сомасы 47,8 миллиард теңге болатын 3 жоба іске қосылды. Алдағы 2 жылда құны 37,3 миллиард теңге болатын 4 жоба іске асырылады", – деді министр.