Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов скринингтік зерттеулерден өту үшін жылына 3 жұмыс күніне дейін әлеуметтік демалыс берілетінін еске салды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Көп адам мұны білмейді. Еңбек кодексінде скринингтерден өту үшін арнайы демалыс қарастырылған. 87-бапта ол нақты көрсетілген: қызметкерге жылына 3 жұмыс күніне дейін скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс беріледі. Жұмыс беруші бұл арнайы демалысты беруге міндетті. Өз құқығыңызды пайдаланыңыздар. Скринингтен өтіңіздер", – деп жазды депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Айта кететіні, Еңбек кодексіндегі 87-бапта жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстары мен әлеуметтік демалыстар берілетіні атап көрсетілген. Әлеуметтік демалыстарға ана болуға, скринингтік зерттеулерден өтуге, балалар күтіміне, өндірістен қол үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтік мақсаттар үшін белгілі бір кезеңге жұмыстан босату жатады.
Жұмыскерлерге әлеуметтік демалыстардың келесі түрлері беріледі: жалақы сақталмайтын демалыс; оқу демалысы; жүктілікке және бала тууға байланысты демалыс; бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс. Сондай-ақ бір жыл ішінде үш жұмыс күнінен аспайтын көлемде скринингтік зерттеулерден өтуге арналған демалыс, кемінде үш жұмыс күні көлемінде 12 дейін жүктілігі бойынша медициналық есепке қоюға арналған демалыс та бар.