Ел азаматтарының 716 мың кепілсіз тұтыну қарызы өтелді

805

56 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі салық рақымшылығын пайдаланды.  

Ел азаматтарының 716 мың кепілсіз тұтыну қарызы өтелді

Мәжілісінің жалпы отырысында ел үіметінің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2019 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі қаралды.

"2019 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы қалыпты экономикалық өсу жағдайында жүзеге асырылды. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 4,5%-ды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 8,5%-ға ұлғайды. Салалар арасында инвестициялардың елеулі өсуі ауыл шаруашылығында – 41,1 %, өнеркәсіпте – 15%, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 14,7% өсті. Үкімет жұмыспен қамтамасыз ету, көпбалалы отбасылар мен жастарды қолдау жөніндегі шараларды кеңейтті. Президенттің тапсырмасын орындау барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының екінші деңгейлі банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы 716 мың кепілсіз тұтыну қарызы өтелді", – деді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

Министрдің мәлімдеуінше, негізгі борышты төлеу шартымен өсімақы мен айыппұлдарды есептен шығару бойынша салық рақымшылығын 56 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі мен 750 мыңнан астам жеке тұлға пайдаланған.
"Республикалық бюджетке түсетін түсімдер 100,4% атқарыла отырып, 10,6 трлн теңгені құрады. Шығыстар 99,9% игеріліп, 12 трлн теңгеге жетті. Әлеуметтік шығыстар 2018 жылмен салыстырғанда 22% ұлғайып, 5,2 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 43%", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Оның сөзінше, бюджет тапшылығы 1,3 трлн теңгеге жетіп, жалпы ішкі өнімге шаққанда 1,9% құраған.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу