Ел билігі күн батареясын орнатқан тұрғындардан электр энергиясын сатып алмақ

727

Өзбекстан билігі күн батареясын орнатқан тұрғындардан электр энергиясын сатып алмақ.

Ел билігі күн батареясын орнатқан тұрғындардан электр энергиясын сатып алмақ Фото: 7kun.kz

Оған қоса, баламалы қуат көздерін пайдаланатындар мүлік пен жер салығынан бостылады. Ресми Ташкент мұндай қадамға энергетикалық дағдарыстың алдын алу үшін барып отыр.

Өзбекстан қыс бойы энергетикалық дағдарыспен алысып шықты. Бір газ бен көрші елдерге сеніп отыра беруге болмайтынын түсінді. Енді сарапшылар жазда да елдің ірі қалаларында электр энергиясының тапшылығы болады деп болжап отыр. Сондықтан ел билігі мәселені халықпен бірігіп шешуге кірісті. 

"Өзбекстан тұрғындарды өз үйлерінде күн батареяларын орнатуға ынталандыруға кірісті. Біріншіден баламалы энергия көздерін алуға әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, батареяларды төмен пайызбен 3 жылға бөліп төлеп алуға болады. Оған қоса, мемлекет азаматтардан электр энергиясын нарықтағыдан қымбатырақ бағаға сатып алмақ. Әрі өз үйін өзі қуатпен қамтамасыз ететін азаматтар ешқандай тариф бағасына бағынышты болмайды", дейді Ташкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Абуали Ниязматов. 

1-ші сәуірде күшіне енетін заң жобасына сай, күн батареяларын орнатқан тұрғындар осы құрылғылар үшін мүлік салығынан босатылады. Оған қоса, балалмалы қуат көзі тұрған аумақ үшін жер салығын төлемейді. Ал электр энергиясын сатудан түскен қаржығы 3 жылға дейін табыс салығы салынбайды. Егер заңды тұлға күн батареяларымен қоса энергияны жинақтаушы жүйе орнатса, табыс салығын 10 жыл төлемесе болады.  

"Осыдан 6 жыл бұрын баламалы қуат көздеріне жеке компаниялар 1 доллар да жұмсамайтын. Қазір салаға тартылатын инвестиция 5-6 миллиардқа жетті. Биыл күн энергиясына жедел өту шараларына 15,4 миллиард доллар бөлінбек. Оның 13 миллиардтан астамы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары аясындағы инвесторлардың қаражаты", дейді Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары, Энергетика министрі Журабек Мырзамахмудов.

Осылайша мемлекет жеке азаматтармен қатар бизнесті де күн батереяларын орнатуға ынталандырмақ. Әрі ірі кәсіпкерлік нысандарға баламалы қуат көздері үшін арнайы жабдықтардың бағасы арзанырақ түседі. Яғни өндірілетін электр энергиясының құны басқаларға қарағанда анағұрлым төмен болады. 

Халық баламалы қуат көздеріне өтуі үшін бірінші биліктің өзі үлгі болуы тиіс. Сондықтан күн батареяларынан энергия алуға біртіндеп мемлекеттік ұйымдар көше бастады. Ал 1-ші қыркүйектен бюджеттік ұйымдар баламалы қуат көзін орнатуға міндеттелмек. Сонымен қатар, енді жаңадан бой көтерген кез-келген көпқабатты тұрғын үйдің шатырының 50 пайызына күн батареялары орнатылуы тиіс. Ол үшін ел билігі импорттық кедергілерді азайтып, кедендік талаптарды жеңілдетпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу