Ел болашағы үшін жинақталған 90 миллиард АҚШ доллары бар – Нұрсұлтан Назарбаев

6750

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" атты мақаласы жарияланды.  

Ел болашағы үшін жинақталған 90 миллиард АҚШ доллары бар – Нұрсұлтан Назарбаев

"Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да жұртыма ақ тілеулі сөзімді арнағалы отырмын",– дейді елбасы ресми сайтында жарияланған мақаласында.

Нұрсұлтан Назарбаев осы күнге дейін жүргізілген реформалар мен олардың нәтижесіне тоқталып өткен.

Тұңғыш Президенттің жазуынша, қазіргі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жылдарындағы Қазақстанмен салыстыруға келмейді.

"Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді",– деген сенімде Елбасы.

"Ел Президенті  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған таяудағы үндеуінде барлық әлеуметтік топтарға, кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы  саласына көрсетілетін алуан түрлі көмек туралы жан-жақты мағлұмат берді. Егер Қазақстанның ұлттық экономикадағы қол жеткізген табыстары мен жоғарыда аталған қор құрылмаса, мұның бірі де болмас еді. Кезінде соның бәрін таратып берейік дегендер де болған, бірақ өмір біз қабылдаған шешімнің дұрыс болғанын көрсетті", – деп жазылған мақалада.

Елбасы енді ары қарайғы жұмыстарды үкімет пен жергілікті атқару органдары рет-ретімен орындап, көрсетілетін көмекті үнемді пайдалану керек екенін атап өткен.

"Әр министр, әрбір облыс, қала және аудан басшылары жүйемен, тәртіппен, үйлесіммен, нақты жоспармен, нық сеніммен әрекет етіп, уақытша қиындықтан шығуға барлық күш-қуатты жұмылдыруы қажет. "Nur Otan" партиясының мүшелері де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс",– дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу