Ел экономикасының өсімі 5,1 пайызды құрады

354

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Әлихан Смайыловты қабылдады.

Ел экономикасының өсімі 5,1 пайызды құрады Фото: Inbusiness.kz

Еліміздің сыртқы тауар айналымы 2,2 пайызға өсіп, 126 миллиард долларды құрады. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов Қазақстанның 2023 жылғы даму қорытындысы және әлеуметтік-экономикалық саладағы реформалардың жүзеге асырылуы жөнінде баяндады:

  • ел экономикасының өсімі 5,1 пайызды құраған. Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7 пайызға артып, 39,5 миллиард долларға дейін жеткен. Бұл ретте былтырғы 9 айда шетелден 19,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылған. Шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандардың саны 14 пайызға (500 мың адамға) артып, 4,3 миллион адамға дейін көбейген. Үкіметтің Ұлттық банкпен және өңір әкімдерімен бірлесе атқарған шараларының нәтижесінде инфляция деңгейі 2 есе, яғни 9,8 пайызға дейін төмендеген;
  • сыртқы тауар айналымы 2,2 пайызға өсіп, 126 миллиард долларды құраған. Сауда балансының оң сальдосы 16 миллиард доллардан асқан;
  • Үкімет бүкіл әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы әрі толық көлемде орындап отырғаны туралы мәлімет берді. Ортақ зейнетақы мөлшері былтыр 10,5 пайызға, ал жыл басынан бері тағы да 9 пайызға индексацияланған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы 23 пайызға ұлғайған. Жалпы, еліміздің 4,5 миллион азаматы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Ол үшін бюджеттен 4,6 триллион теңге бөлінген;
  • бүгінде Инвестициялық жобалардың бірыңғай пулын жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша құны 1,8 триллион теңге болатын 298 жоба іске қосылған. Биыл сомасы 3,8 триллион теңгені құрайтын тағы 326 жобаны, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында құны 1,2 триллион теңге болатын 180 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы ретте 15 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Сонымен қатар Премьер-Министр:

  • кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары, энергетика және құрылыс салаларында реформа жүргізу, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніне жаңа әдістерді енгізу жұмыстары туралы айтты;
  • тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, халыққа қызмет көрсету сапасы мен оның сенімділігін арттыру шаралары жөнінде мәлімет берді;
  • "Ұлттық қор – балаларға" жобасының жүзеге асырылу барысы, "Келешек" бірыңғай жинақтау жүйесінің енгізілуі, денсаулық сақтау және туризм салаларының дамуы жайында баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу