Осы жылдың 11 айындағы статистикалық дерек бойынша, 3 зорлау оқиғасы, 4 жас баланы азғырту дерегі тіркелген. Мамандар "жау сырттан келмейдіні" жиі-жиі еске салады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Шынында, нақты зерттеу мен талдау жұмыстарына сәйкес, әрбір екінші кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жасалған сұмдықты жақындары, өгей әкелері және көршілері жасайтын болып шыққан.
- Барлық ата-аналарды балаларының күнделікті көңіл күйіне және психологиясына мән беріп, қандайда бір өзгерістер анықталған жағдайда 111 желісіне хабарласуын сұраймын. Егер сіз балалар тарапына жасалған қатыгездікке куә болсаңыз, "Бала қорғау" QR-кодымен тәулік бойы қызмет ететін онлайн-чатқа жүгіне аласыз, - дейді Қызылорда облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жапырақ Ұзақбаева.
Қызылорда облысы бойынша кәмелет жасқа толмағандарға қарсы жасалған қылмыс саны, яғни жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалған қылмыс саны 2023 жылдың 11 айлық көрсеткіштеріне сәйкес 60% көбейіп отыр.
Нақтырақ айтсақ, зорлау – 3, 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу – 5, сексуальды сипаттағы басқа да әрекеттерге мәжбүрлеу – 1 және жас баланы азғыртудың 4 дерегі тіркелген.
Қызылорда қаласында осыған дейін 2 мектеп оқушысына сексуальдық сипаттағы азғындық әрекетін жасады деп мұғалімге арыз түскен болатын. Сол уақытта сот шешімі шықпай-ақ, көпшілік әлеуметтік желіде күдіктіні жерден алып, жерге салған-ды. Кейіннен күдіктінің ұжымдастары видео жолдап, әріптесіне оң мінездеме беріп, істің әділ қаралуын сұрады. Ел естімеген сұмдыққа ел көрмеген жаза берілуін бүкіл қоғам қалайды, тек жала жабылып, ешкім жазықсыз жапа шекпеуі тиіс.